BasNewsЖаңалықтар

Өскемендік кәсіпкерлер де көктемгі тазалыққа атсалысып жатыр

Облыс орталығының ең көркем, халық көп жиналатын орны – Арбат та бүгін түрленіп, тазарып қалды. Осы жерде орналасқан он бес шақты кіші және орта бизнес өкілдері акцияға қатысуға ынталанып, қалалық әкімдікке өтініш білдіріпті.

Бизнес өкілдері өз ғимараттарының есік-терезелерін жуып, кіре берістерін тазалап, сырт келбеттерін жөндеп жатыр. Сонымен қатар бұл жерде қаланың иелігіне қарайтын орындықтар мен басқа да кіші сәулет нысандары бар. Оларды «Таза Өскемен» мекемесінің қызметкерлері ретке келтіріп жүр.
Арбатта орналасқан «Terry coffee» кофеханасының қызметкерлері де «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуда.

– Жұмысымызды жуықта бастадық. Барлығы бес қызметкерім бар. Айналамыздың таза болғаны келушілердің көңіл-күйіне де жақсы әсер етеді. Ғимаратымызбен бірге маңайындағы аумақты да жинастырдық, – дейді кәсіпкер Жалғас Мадиев.

Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғамбаев жеке кәсіпкерлер биыл белсенділік танытып отырғанын айтты.

– Биыл тазалық акциясына қатысуға қала бойынша бизнес өкілдерінен өте көп өтініш түсіп жатыр. Қалада үш мыңнан астам кіші және шағын бизнес өкілі бар. Олар тек өздерінің маңайын ғана жинап қоймай, шаһарымыздың тазаланбай жатқан аудан, көшелерін де ретке келтіруге ниет білдіруде. Олар аптаның кез келген күні шығып, тазалық жұмыстарын жүргізуге дайын. Біз оларға техника жағынан көмектеміз, – деді бөлім басшысы.

Back to top button