Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлердің саны артуда
Түркістан облысы Созақ ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың саны артып келеді.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған шаруа қожалықтардың жұмысымен арнайы танысып, кәсіп иелерімен пікір алмасты.
Бүгінде Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың қараша айында 850 келі толстолоб балығын салып, қазіргі уақытта өнімін сатуға дайындауда. Шабақ күйінде жіберілген балықтар 2-3 келіге дейін ет жинаған.
Сонымен қатар шаруашылықты жолға қойған кәсіпкердің қатарында Амангелді Әділжан да бар. 8,3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 10 000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Тоғанның аумағы 15 сотық, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер келешекте қосымша 3 тоған қазып, шаруашылығын арттыруды жоспарлауда.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 7 азамат 56,6 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытушы кәсіп иелері 25 000 форель, 30 000 сазан, 4 000 толстолоб, барлығы 59 000 балық өсіруде.
Бұған қоса, 3 азамат ауыл шаруашылығы жайылым жерлерінің мақсатын балық шаруашылығына өзгерту жөнінде өтініш қалдырған. Бұл азаматтар алдағы уақытта өз қаражаты есебінен кәсібін ашуды жоспарлауда.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған.
«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:
1) Өңдеу саласына қатысты жобалар;
2) Өсімдік шаруашылығын дамыту;
3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;
4) мал шаруашылығын дамыту;
5) басқа бағыттағы бизнес жобалар;
Несиенің негізгі шарттары:
1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;
2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 млн теңге) дейін;
3) сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды;
Несие талаптары:
1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;
2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;
3) Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;
4) кепілмен қамтамасыз ету;
5) зейнет жасына жетпеген;
6) Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет;