«Таза Қазақстан»: Бәйдібектік депутаттардың демеушілігімен аудан орталығындағы жаяу жүргіншілер көпірі жөнделді
Бәйдібекте «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Сенбілікке аудан тұрғындары бей-жай қарамай, белсенді түрде қатысты. Әрбір ауылдағы көшелер тазаланып, қоқыстар арнайы орындарға техникалармен шығарылды. Ретсіз өскен және қураған талдар бұталып, түптері әктелді.
Игі бастаманың басы-қасында жүрген аудандық мәслихаттың депутаттары Нұрғали Тұрлыбеков, Шыныбек Мұңашов пен Ерғали Асанұлы Шаян ауылындағы қолданыстағы жаяу жүргіншілер көпірін жөндеуден өткізіп, акцияға өз үлестерін қосты.
– Ауданымыздың әрбір тұрғыны Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, акцияға белсене қатысып жатыр. Ауданда көгалдандыру, ғимараттар мен тұрғын үйлердің келбетін ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Осы іс-шараға ауданымыздың бірнеше депуттары болып бірлесіп, атсалысып, Шаян ауылындағы жаяу жүргіншілер көпірінің ақауы бар жерлерін қайта қалпына келтіріп, сырлап тұрғындардың қауіпсіз жүруіне жағдай жасап отырмыз. Ауылымыздың көркі үшін, тұрғындарға пайдалы аймақтарды реттеуге барша аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді шақырамын, – деді аудандық мәслихат депутаты Ерғали Асанұлы.