Түркістан облысының журналистері Арыс өзенінің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» апталығы қорытындылатынды. Апталық аясында Түркістан облысының журналистері мен облыстық депутаттар Ордабасы ауданындағы Бадам орман шаруашылығының төңірегін қоқыстан тазартты.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібайдың ұйымдастыруымен ауқымды сенбілік өткізілді.
Тазалық жұмыстарында журналистер арнайы қапшықтарға қоқыс қалдықтарын жинады. Табиғат аясында журналистер ән шырқап, өлең оқыды. Сондай-ақ қазақтың күмбірлеген күйі тартылып, дартс ойыны ойнатылды.
Тазалық шарасына облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-тан басқа, республикалық басылымдардың меншікті тілшілері де қатысып, еншісі бөлінбейтін өңір – Шымкент қаласының тілшілері де өз үлестерін қосты. Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мен басқармалардың баспасөз хатшылары да белсенділік танытты.
Акция облыстағы журналистер бауырластығын арттыра түсті. Ең бастысы, бұған дейін де бірлігі бекемдігін білдіріп жүрген өңір журналистері бұл жолы өзара ауызбіршілігін, ынтымағы мығым екенін тағы бір танытты.
Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 50-ден астам БАҚ өкілдері атсалысты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков санитарлық тазалық шарасын жүйелі жүргізу – облыс шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі екенін атап өтіп, қатысушыларды арнайы «Табиғат жанашары» сертификатымен марапаттап, сый-сияпат табыс етті.
Жиналғандардың айтуынша, сенбілік – тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене болса да атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Бүгін, міне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында журналистер тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара барысында орман шаруашылығының жанындағы Арыс өзенінің бойындағы күл қоқыс жиналып, ретке келтірілді. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық.
Айта кетейік, бүгінде өңірде абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарының сапалы жүргізілуі де қатаң бақылауға алынған. Сондықтан өңірімізді гүлдендіріп, көркейтеміз десек санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн.