Дархан Сатыбалды Кентауда кәсіпкерлермен кездесті
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы индустриалды аймағында болып, онда орналасқан зауыттардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жобаларды пысықтады.
Облыс әкіміне ғимарат сыртын қаптайтын құрылыс материалын шығару, металл қалдықтарын қайта өңдеу, керамзит жасау, сылақ торларын шығаратын, резеңке бұйымдарын өндіру, қоқысты қайта өңдеу, цемент және бетон бұйымдарын, кірпіш зауыты және өзге де инновациялық жобалар таныстырылды.
Дархан Сатыбалды осы бағыттағы өндіріс орындарын көбейтудің маңыздылығына, отандық өнім көлемін арттырудың қажеттігіне тоқталды. Жаңа жобаларды жан-жақты зерделеп, әрі қарай дамыту үшін қолдау көрсету жолдарын қарастыруды тапсырды. Қала әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Кентау индустриалды аймағының жалпы ауданы – 43 га. Кәсіпкерлерге жағдай жасау үшін инфрақұрылыммен толық қамту бағытында жұмыстар атқарылуда. Индустриалды аймақта құрылыс материалдарын шығаратын 8 зауыт орналасқан. Құрылысқа қажетті материалдар өндіретін тағы екі зауыт биыл іске қосылады.
Қаладағы индустриалды аймағына түнгі жарықтандыру желілерін орнату, темір жол торабы мен газ тарту секілді өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылуда.
Полиэтиленді труба шығару цехының жұмысымен танысқан өңір басшысына кәсіпорын иесі өндірісті дамыту жоспарымен бөлісті. 2019 жылы іске қосылған «АБН Альянс» ЖШС-нің өнімдері тапсырысқа орай, Қазақстанның барлық аймақтарына тасымалданады. Жылына 4000 тонна өнім шығарады. 80 адам жұмыспен қамтылған.