BasNewsЖаңалықтар

Түркістан: Төлебилік көпбалалы ана мемлекеттік қолдаумен кәдесый дайындайтын цех ашқан

Төлеби ауданындағы Ақбастау елді мекенінің тұрғыны Ақмарал Есқұлова мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан.

Ол қаржысына кәдесыйлар мен ойыншықтарды дайындайтын арнайы қалыптар, гипс, бояу және дайын өнімді орайтын қораптар сатып алған. Бүгінде кәсіпкер туған күн, тойбастар, тұсаукесер, бесікке салу, құдалық секілді қуанышты күндерге тапсырыс қабылдайды. Сонымен қатар, ол үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған. Оған ұл-қыздары ойыншықтарды арнайы қалыпқа салып, бояуға көмектеседі. Алдағы уақытта тапсырыс саны артса, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетсек, Төлеби ауданында былтыр ісін жаңадан бастаған жекелеген азаматтарға өз кәсібін ашуға 90 адам қайтарымсыз грант алған. Биылғы жылы да «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілуде.

Back to top button