BasNewsЖаңалықтар

Өскеменде алғаш рет Әкелер форумы өтті

Әуелден әкенің қоғамдағы рөлі зор болатын. Бүгінгі таңда құлдырып кеткен осы бір рухани құндылыққа көңіл бөлініп, ерекше назарға алына бастады. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының орталығында «Әкелер форумы» өтті.

Форумның негізгі мақсаты – әкенің отбасындағы рөлін арттыру және әкелер институтын қоғамда танымал ету. Форумға білім, құқық қорғау салаларының өкілдері қатысып, ұрпақ тәрбиесінде өзгелерге өнеге болған әкелер марапатталды.

– Біз Шығыста өтіп жатқан Әкелер форумын қолдау мақсатында Астанадан арнайы келдік. Мұнда бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңызы туралы сөз болды. Бала тәрбиесі тек ананың міндеті емес, әкеге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Тарихқа бойласақ, бұл ретте әкенің рөлі зор. Уақыт өте келе нарықтық экономиканың әсері ме екен немесе басқа да факторларға байланысты ма әйтеуір әкелердің бала тәрбиесінен қалыс қалғаны байқалды. Бүгінгі форумға қатысқан әрбір ер адам баласының өміріндегі өз орнын терең түсініп, ой қорытады деп сенемін, – дейді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қоғамдық байланыстар жөніндегі вице-президенті Арафат Әбдіхалықұлы.

Форумға қатысушылар тәрбие және отбасы құндылықтары жөнінде баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Кеш қатысушыларын Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков құттықтап, рухани шараға сәттілік тіледі.

– Әр отбасында әкенің орны ерекше, әке – әр бала үшін асқар тау. Ананың мейірімін, әкенің қамқорлығын көріп өскен бала арды ойлайтын адал азамат болып ержетеді. Бүгінгі форумға өз отбасында және қоғамда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жүрген аға буын өкілдері қатысып отыр. Осы форум қоғамдағы әкелер рөлінің маңызын және әкелер институтының беделін арттыруға тың серпін береді деп сенемін, – деді Денис Рыпаков.

Форум барысында өз отбасындағы тәрбиені өзгеге үлгі етіп, балалары әртүрлі салада жетістікке жетіп жүрген өңірімздің өнегелі әкелері марапатталды.

– Шемонаиха ауданындағы Уба шипажайында әлеуметтік салада жұмыс істеймін. Қосымша бапкер ретінде бірқанша шәкіртті спортқа тәрбиелеймін. Үш қыздың әкесімін. Екінші қызым спорт шеберіне үміткер, республикалық турнирлердің бес дүркін жеңімпазы. Өзге балаларым мен шәкірттерімнің жетістіктерін санамалап айта берсем өте көп. Жалпы, әке балаға мейірімді, шыншыл, қатал да бола білуі керек. Әке қыз баланы махаббатпен, ұл баланы қас-қабақпен тәрбиелеуі керек. Бұл біздің баба ғұрыптан тәрбиемізде бар үрдіс, – дейді шемонаихалық үлгілі әке Жасұлан Саясатқанұлы.

Айта кетейік, 2023 жылдан бері елімізде маусымның үшінші жексенбісінде Әкелер күні атап өтіліп келеді.

Back to top button