BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысындағы білім, мәдениет, туризм және денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі жақсарды

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасады. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық, абаттандыру жұмыстарын жүйелеуді, тұрғындардың экологиялық белсенділігін көтеруді тапсырды. Облысағы барлық мекеме қызметкерлері өздерінің ғимараты мен ауласын таза ұстауы керек екенін жеткізді.
– Барлық аудан, қала, ауыл әкімдіктерінің ғимаратына, ауласына мониторинг жүргізіледі. Білім, мәдениет, медицина, спорт мекемелерінің қызметкерлері де өз аймақтарын таза ұстаулары тиіс. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың жан-жағы да тексеріледі. Жауапты басқармалар, мекемелер жұмысты күшейтсін. Тұрғындардың белсенділігін көтеріңіздер. Түсіндіру, ағарту, ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Орынбасарлар мен аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмысты жүйелеу жөнінде ұсытыстарыңызды беріңіздер. «Таза Қазақстан» акциясы тоқтаусыз жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру жөніндегі баяндамалары мен ұсыныстары тыңдалды. Білім, мәдениет, туризм және медицина саласы өкілдерінің акцияға қосқан үлесі және алдағы жоспарлары туралы баяндалды.
Аталған акция бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға баулу көздеген жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңға дейін білім беру ұйымдарының күшімен 12 360 дана ағаш көшеттері отырғызылып, 81 800 ағаш түптерін әктеу жұмыстары жүрді. 243 тонна қоқыс қалдықтары шығарылып, 89 шақырым аяқжолдар тазаланған. 1200 ғимараттың, шарбақтардың әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, 72 мыңнан астам қызметкер тазалық жұмысына өз үлестерін қосты.
2024 жылы 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге (жалпы құны 14,7 млрд. теңге) 7,7 млрд. теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар 2024 жылы 91 білім мекемесіне (61 мектеп, 25 балабақша, 1 қолдау орталығы, 4 балалар лагері) ағымдағы жөндеуге 4,7 млрд. теңге қаржы қаралды.
Айта кетерлігі, өңірдегі жазғы демалыс лагерлерінде оқушыларға «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының тәрбиелік жұмыстары жүргізіледі.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдар да тазалық акциясына өз үлестерін қосуда. Облыс бойынша қызмет ететін 24 681 медициналық қызметкердің 12 766-сы сенбілік және тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Бүгінгі таңға дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында медициналық нысандардың аумағында 10 957 түп ағаш отырғызылып, 61 842 түп ағаш әктелді. 391 медициналық нысанның қасбеттері, 200 шақырым шарбақтарды ақтау-сырлау жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңға жуық мәдениет қызметкері мен 70 техника тартылды. 12 мыңға жуық ағаш, 10 мың гүл отығызылып, 6 мыңға жуық ағаштың түптері ақталды. 200 тонна қоқыс шығарылды. Киелі және тарихи орындарда тазалық акциялары ұйымдастырылған.
Облыс тұрғындары арасында қоғамдық мәдениет деңгейін арттыру, адамдарды мүлікке ұқыпты қарауға үйрету, қоғамдық орындардағы дөрекілік пен қоғамға жат теріс мінез-құлыққа тосқауыл қою мақсатында идеологиялық жұмыстар жүруде. Сәуір айында 2891 адамға хаттама толтырылып, 40,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, 19,6 млн теңге өндірілген.
Облыс көлемінде «Жастар ресурстық орталықтарының» тарапынан 127 волонтер ұйымдары жұмыс істесе, экологиялық акциясына 80 мыңға жуық ерікті қатысты. 92 636 мыңға тарта ағаш көшеті және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1107 тонна қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мән мағынасын өскелең ұрпаққа насихаттауда ауыл, көше, төбе билері мен ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдарының мүшелері үлкен рөл атқаруда.
Халықты ақпараттандыру жұмыстары бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарында тұр. Арнайы eGov mobile платформасында жүргізілген сауалнама қорытындысымен өңірде халықтың 53,6% акция туралы хабардар болған.
Back to top button