BasNewsЖаңалықтар

Өскемендегі қоғамдық тәртіпті күзетуде ағайынды Асылғазиндердің үлесі зор

Қанат, Қуат және Самат Асылғазиндер Өскемен қаласындағы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында қызмет етеді.

Патрульдік полицияның міндеті – тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Антқа адал ағайындылар бұл міндетті абыроймен арқалап жүр.

Олардың жұмысының бағыты, ең алдымен, қылмысты әшкерелеп, тәртіпті күшейту, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесу болып табылады.

Араларында небары бір жас айырмашылығы бар Қанат пен Қуат Асылғазиндер қызметке бір уақта келген. Олардың ізін туған інілері Самат та жалғаған. Айта кетейік, ағайындылар Самар ауданы, Бастаушы ауылының тумалары.

– Бала күнімнен заң саласының маманы болуды армандадым, – дейді Қанат Мұхамедсәбитұлы. – Қазақ  инновациялық гуманитарлық-заң  университетін тәмамдап, қызмет жолымды құқыққорғау органында бастадым. Осы салада жүргеніме 15 жылдай болды.

Бүгінде ағайындылардың әрқайсысы шаңырақ көтеріп, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Олар балалары да әке жолын қуып, полиция қызметкері боламын десе, қолдауға дайын екендіктерін айтады.

Еңбек жолын ағасымен бірге бастаған Қуат Мұхамедсәбитұлы жұмыстың оңай еместігін жасырмайды.

–  Әр жұмыс күніңді басыңды қауіп пен қатерге тіге отырып бастайсың. Әр қадамыңда тәуекелге бел буасың, – дейді полиция капитаны аға инспектор Қуат Мұхамедсәбитұлы. – Мәселен, көлік қозғалысы ережелерін сақтамайтын, жылдамдықты асыратын, тіпті рөлге мас күйінде отырып, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіретін түрлі жүргізушілер бар. Сондай-ақ, көпірге, көпқабатты үйдің терезесіне шығып, өз-өзіне қол салғысы келетіндер де болады. Осындай жағдайлардың бәріне үнемі моральдік тұрғыдан дайын болу қажет, кәсіби біліктілік маңызды.

Кешегі батыр бабалардың, жаужүрек қазақтардың жалғасы – бүгінгі тәртіп сақшылары десек, артық емес шығар.

Екі ағасынан үлгі алған Самат Мұхамедсәбитұлы да осы саланы таңдап, 2013 жылы Өскемен қаласы жол патрульдік батальонына келген.

– Осы мамандықты бала кезімнен армандадым. Кішкентай кезімде форма киіп, халықты қорғап, ұрыларды ұстасам деп армандайтынмын. Ішкі істер органдарында қызмет атқарудың мен үшін маңызы зор, Отан алдындағы борышымды адал өтеп, халқыма қызмет ете бергім келеді, – дейді патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Самат Асылғазин. – Екі ұл, бір қызым бар. Ұлдарымның менің жолымды қуып, еліне адал қызмет ететін, ержүрек, батыл азаматтар болғанын қалаймын.

Қоғамға қызмет ету тәртіп сақшысының басты парызы. Антқа адал, сертке берік олардың ұстанған қағидасы осы. Сондықтан қандай жағдай болмасын қоғамға қол ұшын беруге дайын. Бейбіт күннің батырлары талап пен тәртіпке бағынып, жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеді.

Back to top button