Түркістан: Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына барды
Түлкібастың құнарлы топырағында өсетін алмасы алыс-жақын шетелдерге танымал брендке айналды. Қырғызстан, Өзбекстан пен Ресей нарығында үлкен сұраныста. Ауданда алма бауды дамыту қарқын алып келеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС арнайы барды. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. 12 жылдан бері қарқынды алма бау өсірумен айналысып келетін серіктестікте 240 гектарға қарқынды бау отырығызылған. Израильден алынған су үнемдеу технологиясын пайдаланып, 30 гектар жерге қарқынды алма бау отырғызуда. Жыл сайын 4-6 мың тонна көлемінде өнім жинайды.
«Кентау» ЖШС-нің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін экологиялық таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.
Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.