Түркістан облысын дамыту жұмыстары жалғасады
Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы кезекті оныншы сессиясы өтті. Сессияның басталу алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды таныстырды.
Сессия жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сессияны жүргізді. Күн тәртібінде 10 мәселе қаралды. Олар:
1. Облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері.
2. Облыс бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру және табыстың өсуінің жаңа резервтерін анықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы.
3. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі.
4. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі.
5. Облыстық бақылау басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі.
6. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету туралы.
7. Елді мекендерді электр энергиямен қамтамасыз ету туралы.
8. Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу.
9. Тексеру комиссиясының мүшесін лауазымынан босату мәселесі.
10. Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы шешіміне өзгеріс енгізу ұсынысы.
Барлық мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
Сессияның қорытындысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде бірлесе атқаратын жұмыстардың көп екенін айтты:
– Облыс әкімдігі мәслихатпен бірігіп, өңірді дамыту жолында жұмыс атқаруда. Сіздерге осы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бірақ әлі де атқарылатын жұмыс көп. Біз өңірге инвесторлар тарту бағытында жұмыс атқарып жатырмыз. Сонымен бірге Түркістанда Оңтүстік Кореяның оқу орнының филиалын ашу туралы келісімге қол жеткіздік. Жаңа оқу орнын ашып, сапалы білім беріп, жастарды даярлауымыз керек. Жұмыс орындарын көбейту қажет. Жуырда Татарстанға барып, ІТ, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көріп келдік. Облысқа жаңа жобалар, жүйелі жұмыстар, ізденістер қажет. Алдағы уақытта да баршамыз бірігіп, аймақты дамыту жолындағы жұмысты жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.