«Таза Қазақстан» акциясы Арыста жалғасуда
Еліміздің барлық аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Акция басталғалы Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін Ақдала ауылының тұрғындары акцияны қолдап, ауылда жаппай тазалық шарасын өткізді.
Ауыл қариялары мен ақжаулықты әжелері бастаған, ауыл жастары мен әкімдік мамандары қостаған сенбілік өтті.
Таң атпастан қолдарына құрал-саймандарын ұстап, тазалық шарасына кіріскен ақдалалықтар күл қоқысты жинап, жол жиегіндегі арамшөптерді шапты. Барлығы арнайы көлікке тиеліп, арнайы полигонға шығарылды.
– Ауылымыз бәрімізге ортақ болған соң, оны таза ұстау да барлығымыздың ортақ міндетіміз, – деді ауыл ақсақалы Жұмаділлә Қашқынбеков. Игі іске біріккен ақдалалықтар аталған шараны тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында қалада, қалаға қарасты ауылдарда тазалық жұмыстары жалғаса береді.