BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысында табиғат жанашырлары тазалық акциясын өткізді

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелер сенбілік жасап, тазалық жұмыстарына атсалысуда. Еліміздің барлық аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатқаны белгілі. Акция басталғалы өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте табиғат жанашырлары акцияны қолдап, Шардара орманшылығының қорғау аймағында тазалық шарасын өткізді.

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері бастаған сенбілікке 40 қызметкер қатысты. Тазалық жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы сенбілік барысында аумақтан  1 жүк көлігі, 2 трактор тіркемесімен қоқыс шығарылды.

Экологиялық акцияның мақсаты – қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру. Қоршаған ортаны қорғау – табиғатты аялау әр адамның міндеті. Үлкен-кіші әрдайым оны таза ұстап, құрмет тұту қажет. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін естен шығармайық.

Айта кетейік, алдағы уақытта акция аясында тазалық жұмыстары жалғасын табады.

Back to top button