Түркістанның тарихи рөлін айшықтап, туристік әлеуетін көтеретін жобалар жүзеге асады
Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырма берді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өтті. Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай, сапалы әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Сонымен бірге жаңа нысандардың қасбетінде ұлттық нақыштың ұмытылмауын, тарихи әрі туристік нысандарда тұтас бір үйлесімділік болуы керектігін айтты.
Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.
Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ.
Мәжілісте Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Қолөнершілер орталығы» нысанын салу жобасы да сарапталды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.