BasNewsЖаңалықтар

Түркістан: Жер қойнауын пайдаланушылардың мәселелері қаралды

Бүгін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссияның отырысы өтті.

Оған комиссия мүшелері онлайн және офлайн форматта қатысты. Ал жиынға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов төрағалық етіп, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің мәселелері қаралды.

Жиынға жалпы облыс бойынша жер қойнауын пайдаланатын 11 кәсіпорын өкілдері қатысты. Қаралған мәселелер қатарында пайдалы қазбаларды жылдық өндіру көлемін ұлғайту, жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті ауыстыру және кен орнында құмды қиыршық тас өндіруге арналған келісімшартты қайта рәсімдеу сынды сұрақтар бар.

Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан түрлі түйіткілді мәселелер көтеріліп, комиссия мүшелері оларды шешудің жолдарын түсіндірді. Айта кету керек, бүгінгі таңда Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 195 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді.

Жиын қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, құжаттары талапқа сай кәсіпорындар өздерінің өндіріп отырған өнім көлемін ұлғайтуға сарапшылық комиссияның оң қорытындысын алды.

Back to top button