Түркістан облысында 300-ден астам білім беру мекемесі жөндеуден өтіп, жаңа нысандар пайдалануға беріледі
Қазақстандағы әр жетінші оқушы Түркістан облысында білім алады. Мектеп жетіспеушілігін жою мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және қолдауымен, аймақтағы күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ошақтарының, сондай-ақ жаңа мектептер салуды талап ететін елді мекендердің тізімі жасалып, мәселені шешу үшін нақты шаралар қолға алынған. Биыл облыста 300-ден астам балабақша, мектеп, колледж және лагерьлерде жөндеу жұмыстары басталды. Мұндай көлемдегі жұмыс облыс тарихында бұрын-соңды болмаған.
Түркістан облысы елімізде білім беру нысандары ең көп салынып жатқан аймақ ретінде алға шығып отыр. Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 13 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр, оның 29-ы осы жылы тапсырылады деп жоспарланған. Мектептерді салу жұмыстары одан әрі жалғасын табады.
Өңірде ескірген мектептердің саны көп. Жылдар бойы жинақталған бұл мәселелерді шешу үшін кешенді жоспар қабылданған. Білім беру саласындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары белсенді түрде іске асырылуда. Қазіргі уақытта 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа қажетті қаржы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджет есебінен бөлінген. 11 мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдауға дайын болады деп күтілуде. 200-ден астам білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. 106 мектептің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыруға қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әрбір оқушыға сапалы білім алу және жан-жақты даму үшін қолайлы жағдай жасалуы қажет. Осыған байланысты балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мемлекеттік 938 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен жабдықталып, жедел басқару орталығына қосылды. Оқушылар саны 300-ден асатын 573 білім беру ұйымы кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етіліп, толықтай лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру мекемесінің 102 шақырым қоршауы жаңартылды. Мектеп алдындағы көшелерге жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылды.