BasNewsЖаңалықтар

Түркістанда Ғазиз Байтасовқа арналған сынып пен кинозал ашылды

Облыстың бас полицейі М.Қабденов №28 мектептің жас сақшыларымен арнайы кездесіп, сұқбаттасты. Негізгі мақсат – оқушылардың Отанына, еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін арттыру.

Кездесу мектеп ішінен «Халық Қаһарманы» Ғ.Байтасовқа арналған сынып әрі кинозалдың ашылуы барысында ұйымдастырылды. Мұнда оқушылар алғашқы әскери даярлық әдіс-тәсілдерін меңгере отырып, полицейлер тарапынан ұсынылған фильмдер, профилактикалық шараларды көріп, ерлік әрекеттерді ұлықтайтын деректі фильмдерді тамашалайды.

Полиция генерал-майоры М.Қабденов: «Бұл сыныпқа қызмет атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов аталарыңыздың есімі берілді. Сондықтан Сіздер осы полицей ағаларыңыздай елге адал қызмет етер үлкен азамат болып өсе беріңіздер! Елге еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды, ескерусіз қалмайды!»-деп атап өтті.

Мектептің жас сақшылары жиналған сыныпта генерал М.Қабденов жасөспірімдермен пікір алмасып, құқықтық сауаттылығын дамыту бағытында, өмірлік тәжірибелерінен айта отырып, болашаққа жол сілтеді. Ал балалар полиция қызметіне қатысты түрлі сұрақтарын қойып, осы салаға деген қызығушылықтарын білдірді.

Кездесу соңында жас сақшыларға Полиция департаментіне қарасты қызметтік автокөліктер таныстырылып, естелікке суретке түсу рәсімі өткізілді.

Айта кетейік, бұл шара қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан ІІО қызметкерлерін еске алу мақсатында министрліктің республика мектептерінде «Жас сақшы» полиция сыныптарын, сондай-ақ марқұм болған қызметкерлердің есімдерін бере отырып, алғашқы әскери даярлық кабинеттерін ашу жоспары бойынша жүзеге асырылды.

Back to top button