Таврия ауылындағы күрежолға асфальт төселіп жатыр – ШҚО
Жуықта Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермек Көшербаев Таврия ауылын басып өтетін күрежолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан болатын. Бүгінде аталмыш учаскеде жол жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Елді мекенді басып өтетін 600 метр жолға асфальт төселіп жатыр. Мердігер компания өкілдері жұмысты бір ішінде аяқтауға тиіс.
– Таврия ауылының ішімен өтетін бұл жол учаскесі ойдым-ойдым болып қалған болатын. Биыл Жол жылы аясында облыстық бюджеттен 47 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес 600 метр жолға 6 сантиметрлік және 4 сантиметрлік екі қабат асфальт төселеді. Мердігер компания бір ай уақыт ішінде жұмысты толығымен аятқауы керек. Қазір жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Сондай-ақ Таврия ауылының ішін кесіп өтетін жолмен жүретін көлік ағыны көп болғандықтан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жая жүргінші жолақтары мен өзге де жол белгілері жаңартылады, – деді Таврия ауылдық округі әкімінің орынбасары Даян Мейірханұлы.
Таврия ауылының ішімен жүк көліктері де жиі қатынайды. Сондықтан айналма жол салу жағы да қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл жобының құжаттары бекітілген. Жол түсетін жер учаскесінің мәселесі оң шешілді. Бұл жөнінде өңір басшысы ауданға жұмыс сапармен келген кезде де айтқан.
– Ауылды қақ жарып өтетін бұл жол тозғандықтан, жергілікті тұрғындарға да, жолаушыларға қолайсыз еді. Дәл осы жолда көліктердің дөңгелегі жарылған кездере де болды. Биыл, міне, жол жөнделіп жатыр. Ауылдықтар дән риза. Жол белгілері де жаңартылатынын естіп қуанып жатырмыз. Мектепке баратын баласы бар ата-аналар алаң болып жүруші еді, сондықтан бұл өте дұрыс шешім болды, – дейді ауыл тұрғыны Ербол Құдайбергенұлы.
Мердігер компания өкілдері күн райы қолайсыздық туғызбаса, жұмысты уақытында аяқтауға уәде беріп отыр.