BasNewsЖаңалықтар

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Түркістан облысына барды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Түркістан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір активімен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Штаб АЭС салу жөніндегі республикалық референдум қарсаңында осы тарихи оқиғаның маңызы туралы азаматтармен ашық әңгімелесу үшін өңірге арнайы келгенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы түркістандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді.

«Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. Біз әр қадамды нық басып, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Түпкі мақсат – оны әр азамат, әр отбасы сезінуге тиіс», – деді ол.

Ерлан Қошанов электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады.

Бұдан әрі Штаб мүшелері облыстық ауруханада денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.

Осы күні Халықтық штаб мүшелері Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылына барды. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері жылыжай салуға поляк инвесторларын тартқан Сайрам ауданының шаруалары туралы айтып, олар көкөніс өндірісін толық қуатта іске қоса алмағанын мәлімдеді. Бұған себеп – тұрғын үйлердің өзіне әрең жетіп тұрған әлсіз қосалқы станция. Штаб мүшелері барлық аграрлық кәсіпорындарды тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, Штаб мүшелері Кентау қаласында ЖЭО-5 ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған бұл жылу энергетика торабы 15 мыңға жуық адамды қамтып отыр. Халықтық штаб мүшелері барлық коммуналдық кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуінің және оларды тұрақты электр энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

Back to top button