Алматы облысында жарылыс болды
Алматы облысы Жалпақсай ауылында газ жарылуы салдарынан бір үй толығымен қирап, тағы төрт үй зардап шекті, – деп хабарлайды basnews.kz.
Газ жарылған үйдің иесі қаза болды, деп хабарлады облыстық полиция.
«Оқиға салдарынан үй иесі қаза болды. Марқұмның денесі мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның барлық жағдайы анықталады. Тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Алматы облысының Полиция департаменті.
Жергілікті ақпарат құралдары мәліметінше, жарылыс кезінде үйде жұмысшылар болған, олар тоңазытқыш алып келген. Ер адамдар бірнеше метр жерге ұшып кеткен, бірақ олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Көрші үйлердің бірі де қатты зақымданса, тағы үшеуінің терезелері сынған.
Жарылыс толқынынан қираған үй былтыр газдандырылған. Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам газ жарылып кете ме деген қаупін жиі айтып жүрген. Дегенмен, ғимаратта жұмыс істеген барлық техника мамандардың бақылауынан өткен.