Ақтөбеде жол ережесін 119 рет бұзған көлік жүргізушісі жауапқа тартылды
Ақтөбеде жол ережесін 119 рет бұзған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды BasNews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтемемен.
Басылым мәліметінше, полиция қызметкерлері арнайы бағдарламалық кешеннің көмегімен 3 миллион теңге қарызы бар шетел мемлекетінде есепте тұрған Lexus автокөлігін анықтаған.
«Қорғау» жүйесі арқылы анықталған азаматтың жол қозғалысы ережелерін тамыздың ортасынан бастап 119 рет бұзғаны белгілі болды. Жол ережесін бұзушы Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол жылдамдық режимін асырған. Айыппұлдың жалпы сомасы 3 миллион 378 мың теңгені құрады.
Қазіргі уақытта көлік арнайы автотұраққа қойылды.
Полиция облыс орталығының көшелерінде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін камералар орнатылғанын еске алды. Жыл басынан бері камералардың көмегімен жылдамдық режимін асырудың 77 мыңнан астам фактісі тіркелген.