АЭС бойынша референдум: Шымкент қаласында Экологиялық кеңестің отырысы өтті
Отырыс барысында атом электр станциясы жобасының маңыздылығы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Жиынға партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Байқонысов, Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңіс Тұрғанов және кеңес мүшелері, жас экологтар мен бастауыш партия ұйымының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап.
Отырыс барысында атом электр станциясы жобасының маңыздылығы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды.
Ербол Байқонысов жиынға төрағалық етіп, атом энергетикасы секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанымызды атап өтті.
«АЭС құрылысы — Қазақстанның ұзақ мерзімді табысты дамуының кепілі. Барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасының тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл — қауіпсіз, сенімді және экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз», — деді ол.
Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңіс Тұрғанов қоғамда АЭС жобасына байланысты түрлі қауесеттердің тарап жүргенін атап өтті. Ол сондай-ақ, тақырыпқа қатысты туындаған сауалдарға нағыз мамандардан ғылыми дәлме-дәл жауап алу қажеттігін айтты.
«АЭС-тің қоршаған ортаға зиянды екендігі туралы пікірлер бар. Алайда, мамандар АЭС-тің тоқ өндірудің ең тиімді және экологиялық тұрғыда таза тәсілі екенін дәлелдеді», — деді Жеңіс Тұрғанов.
Ол сонымен қатар, қазіргі таңда елімізде энергияның бір бөлігі көмір арқылы өндірілетінін атап өтті.
«Көмір станциялары экологияға орасан зор зиян тигізеді. Ал «күн, су, жел электр станциялары сияқты баламалы жобаларды неге көбейтпеске?» деген сұраққа келер болсақ, бұл жобалар ауа райының құбылмалылығына байланысты тұрақты тоқ көзін қамтамасыз ете алмайды», — деп түсіндірді.
Отырыс барысында АЭС-ке қатысты ресми ақпараттар да айтылды. Қазіргі таңда 30-дан астам елде 415 реактор жұмыс істеп тұр, оның көпшілігі АҚШ, Қытай, Ресей, Франция сияқты дамыған елдерде орналасқан. Ербол Байқонысов «егер АЭС шынымен қауіпті болса, дамыған елдер мұндай станцияларды салмас еді. Керісінше, олар экономикасын дамытып, озық елдерге айналып отыр», — деп ойын түйіндеді.
Одан бөлек, АЭС жобасының құрылыс кезеңі мен технологиялық аспектілері де талқыланды. Жиын соңында қатысушылар атом энергетикасының болашағы, қауіпсіздігі және экологиялық жауапкершілігі туралы пікір алмасты.