Жаңалықтар

«Су тасқыны кезеңінде тұрғындардың тәжірибесін және көпжылдық бақылауларды ескеру қажет», – ШҚО әкімі

 

Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдерінің қатысуымен су тасқыны кезеңінен өту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Еске салайық, 1 ақпаннан бастап Шығыс Қазақстанда жедел штаб жұмыс істейді. Онда барлық елді мекеннен ақпарат келіп түседі. Глубокое, Шемонаиха, Алтай аудандары мен Риддер қаласы ерекше бақылауда. Себебі биыл мұнда қалың қар жауды.
Өңір басшысы таяуда Өскеменде шатырдан құлаған қардың бірнеше көлікті зақымдағанын еске салды. Белгілі болғандай, облыс орталығындағы 1200 үйдің басқару нысаны жоқ. Бұл баспаналар ҚСК-ға қосылмаған, МИБ немесе жай серіктестік те құрылмаған.
– Бұл – энергетика және ТҮКШ басқармасы тарапынан жіберілген қателік. Өйткені басқарудың жаңа нысандарына көшу жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған. 1 мамырға дейін әр үйге қатысты мәселе шешілуі керек. Сондай-ақ бір апта ішінде тұрғындарға шатырдағы мұз бен ауладағы қарды тазалауға көмектесу қажет, – деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда облыстағы барлық гидротехникалық құрылыс тексеріліп, олардың жай-күйі тәулік бойы қадағалануда. Тұрғындар мен әкімдіктер қайда бару керектігін білуі үшін жауапты тұлғалардың аты-жөні мен байланыс нөмірі көрсетілген кезекшілік кестесін жасауға баса назар аударылды. Шығыс Қазақстан өзендерінде жарылыс жұмыстары басталып, 19 нүкте анықталды. Жауын-шашын мен күннің жылынуына байланысты гидротехникалық құрылыстарды тағы бір мәрте тексеріп, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу кезінде тұрғындардың тәжірибесін және көпжылдық бақылау нәтижелерін қосымша есепке алу қажет.
Ауылдық жерлерде үйлер мен іргелес аумақтарға су кірмеуі үшін айналма арналарды дайындауға назар аудару керек. Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, барлық техника мен арнайы топтар дайын тұр. Уақытша орналастыру пункттері 21 мың адамды қабылдай алады. Сондай-ақ маңызды әлеуметтік нысандарға кіретін жолдарға тексеру жүргізіп, көпірлердегі қоршауларды тексеру, қажет болған жағдайда ауыстыру керек.
– Әкімдер тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, барлық құрал-жабдық пен техниканы тағы бір рет тексерген жөн. Төтенше жағдай кезінде ауыр техникамен қамтамасыз ету үшін жергілікті шаруа қожалықтарымен, кәсіпорындармен келісім-шарт жасау керек, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ ол су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда екенін және әрбір елді мекен бойынша нақты іс-қимыл алгоритмі әзірленгенін атап өтті.

Back to top button