Жаңалықтар

Ұлытау облысында аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылады

 

Ұлытау облысында аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталығы ашылады, деп хабарлайды.

120 баланы қамтитын мекеме Жезқазғандағы психологиялық-медициналық-педогогикалық кеңес жанына құрылады. Ол үшін ескі ғимарат толық қайта жаңғыртылады. Қазір жөндеу жүріп жатыр. Орталық маусым айында пайдалануға беріледі. Өңірде аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталық бұрын болмаған. Көмекке мұқтаж ата-аналар баласын шағын түзеу кабинеттеріне апаратын. Жаңадан ашылатын орталық қажеттілікті толық өтейді. Болашақ орталық орналасатын ғимараттағы жөндеу жұмыстары жақында аяқталады.
Меруерт Қажмағанбетова, облыстық білім басқармасының бас маманы: – Ол жерде күндізгі деп айтсақ болады. Баланың анықтамасына, диагнозына байланысты 1 сағат немесе 2-3 сағат білім ала алады. Оны бізде ПМПК, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы анықтап, жолдама береді. Ол жерде арнайы мамандар, логопед, дефектолог, сурдопедагог мамандары жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Бұл мәселе Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында да көтерілді.
Әсіресе аутизм дертіне шалдыққан балалардың әлем бойынша артып келе жатқанын айтқан Президент арнайы орталықтар құруды тапсырды. Қазір облыста ерекше білім беруді қажет ететін 2200-ден астам бала бар. Соның ішінде 101 балаға аутизм дертіне шалдыққан.
Гүлбану Бұланбаева, дәрігер-психиатр: – Соңғы жылдары аутизм дертіне шалдыққан балалардың саны өсіп жатыр. Біздің облыс бойынша алдағы жылдармен салыстырғанда 66%-ке өсті. Облысымызда осындай балаларға арналған тағы да орталықтар ашылса, өте дұрыс болар еді. Өйткені бала таңертеңнен кешке дейін анасының қасында өмірге әрі қарай бейімделуіне, жан-жағын тануға, адамдармен қарым-қатынас орнатуға мұндай орталықтардың маңызы зор.
Орталық қажетті құралдармен және балалардың дигонзына байланысты жеке жұмыс істейтін 17 түрлі маманмен қамтылады. Қазір штат жасақтау жұмыстары қатар жүріп жатыр. Орталық 1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылады деп жоспарланып отыр.

Back to top button