ТҮРКІСТАН: «JAS SKILLS TURKISTAN» САЙЫСЫНДА ЖАС ШЕБЕРЛЕР БАС ҚОСТЫ

Түркістан қаласында техникалық және шығармашылық қабілеттері жоғары жастардың басын қосқан ерекше білім сайысы өтті. «Jas Skills Turkistan» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шараға колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысып, өздерінің заманауи технологиялар саласындағы шеберліктерін сынға салды.
Сайыс аясында қатысушылар сценарий жазу, видеомонтаж жасау, сондай-ақ 3D модельдеу арқылы нысан сұлбасын әзірлеу сияқты күрделі тапсырмаларды орындады. Бұл тек жарыс емес, болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға арналған тәжірибелік алаң болды.
Жалпы саны 11 командадан құралған 22 жас өзара бақ сынасты. Қатысушылардың креативтілігі, техникалық сауаттылығы және топпен жұмыс істей білу қабілеттері бағаланды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, сайыста ерекше көзге түскен оқушыларға Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды-техникалық колледжінде оқу үшін білім гранттары ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс жастарды шығармашылық пен техникалық дағдыларды ұштастыра отырып, жаңа заман талаптарына бейімдеуге бағытталған. Сондай-ақ, мұндай жобалар облыс жастары арасында инженерлік-техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырып, олардың кәсіби бағдарлануына ықпал етеді.