ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСШЫ КӘСІПТЕРГЕ 9500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы кәсіптер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Түркістан облысында бұл бастамаға ерекше көңіл бөлінуде: биылғы жылы бөлінетін 15 мыңнан астам гранттың 9500-і немесе 63,3 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі болмақ.
Сонымен қатар, бұл саладағы гранттар саны қосымша 1000 орынға көбейтіледі, бұл өндірістік және инженерлік-техникалық бағыттарда білікті кадрларға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге арттырылады деп күтілуде. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, педагогтердің біліктілігін арттыруға және заманауи білім беру технологияларын енгізуге жол ашады.
Қазіргі таңда облыстағы 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда. Соның ішінде 43 колледжде жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлануда. Биылғы жылы өңірдегі бірқатар арнайы оқу орындарына 11 жаңа кәсіп түрі бойынша лицензия берілмек.
Сондай-ақ, өңірде цифрлық және IT салаларға баса назар аударылуда. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында «WOOSONG-TURKISTAN» IT университетінің құрылысы жүргізілуде. Бұл – Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен заманауи жобасы. Жаңа университетте төрт факультет бойынша 2340 студент келесі бағыттарда білім алады:
-
Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау
-
Бағдарламалық қамтамасыз ету
-
Төртінші өнеркәсіптік IT революция
-
Мультимедиа және веб-дизайн
Білім беру кластерлерін дамыту — жастардың заманауи мамандықтарды меңгеруіне, жеке кәсібін ашуға, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам.