Волчанка ауылындағы жаңа амбулатория сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді

Мемлекеттік «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданына қарасты Волчанка ауылында заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Жаңа медициналық нысан бір ауысымда 50-ге дейін науқасты қабылдауға есептелген және ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартады.
Амбулатория алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Онда дәрігерлік және дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттері, процедуралық және екпе кабинеттері, акушер кабинеті, туберкулезге қарсы препараттар қабылдау кабинеті, физиокабинет, емдік дене шынықтыру залы, бөлек кіреберісі бар оқшаулағыш, 4 төсектік күндізгі стационар, информатизация кабинеті, дәріхана пункті, тіркеу бөлімі және өзге де қажетті бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, стерилизациялық бөлме, картотека, сақтау бөлмелері, санитарлық тораптар, қызметкерлер бөлмесі және басқа да қосалқы және тұрмыстық үй-жайлар болады.
Жоба құны жасалған келісімшарттар бойынша жалпы 419,4 миллион теңгені құрайды. 2025 жылы құрылысқа 127,8 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Оның ішінде 66,9 миллион теңге — Арнайы мемлекеттік қордан, ал 60,9 миллион теңге — жергілікті бюджеттен бөлінеді. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың тамыз айына жоспарланған.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының ауқымды бөлігі орындалды: іргетас төселіп, гидрооқшаулау жүргізілді, еденге бетонды стяжка құйылды, ғимараттың қаңқасы тұрғызылды, қасбет пен шатыр жұмыстары аяқталды, сыртқы инженерлік желілер тартылды, терезе блоктары мен жылыту радиаторлары орнатылды, электр монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары, цементті стяжка төсеу, металл бағандарды орнату, кіреберіс жолды жасау және қоршауларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа амбулаторияның ашылуы Волчанка ауылы мен жақын маңдағы елді мекендер тұрғындары үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.