Көңілге түрлі ой салар: Семейде Аңсаған Мұстафаның Абайға арналған көрмесі ашылды

Семей қаласындағы Арбат алаңында белгілі суретші, иллюстратор Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты жеке көрмесі ашылды.
Бұл көрме — Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар аясында өткізіліп отырған маңызды көркем жобалардың бірі.
Көрменің негізгі мақсаты – хакім Абайдың философиясы мен қазіргі заман өнерінің үндестігін көрсету.
Аңсаған Мұстафа — қазақстандық иллюстрация өнерінің ерекше бағытта дамып келе жатқан өкілі. Оның шығармаларында көбіне әйел құқығы, отбасылық қарым-қатынас, қоғамдағы ішкі күйзелістер мен рухани ізденіс тақырыптары бейнеленеді. Суретші туындылары тек көркемдік қырынан ғана емес, әлеуметтік және философиялық ой салар мазмұнымен де ерекшеленеді.
«Көңілге түрлі ой салар» экспозициясында қоғам мен адам болмысы, рухани бос кеңістік, үнсіздік пен үндестік, заманның күрделі сұрақтары сияқты тақырыптар көркем тілмен көрініс тапқан. Бұл — әрбір көрерменнің ішкі жан дүниесімен үндесетін көрме.