BasNews

Өскеменде 400-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады

Өскемен қаласының орталық алаңында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 және 6699 әскери бөлімдерінің жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқаруға серт берген салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары, ардагерлер, әскери бөлім басшылығы және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қатысты. Қолбасшы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ант қабылдаған жауынгерлерге жүрекжарды жылы лебізін жолдады. Абай, Түркістан, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарынан шақырылған 400-ге жуық мерзімді қызметтегі сарбаз сап түзеп, ант мәтінін дауыстап оқып, елге адал қызмет етуге уәде берді.

Шара барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жас сарбаздарға ізгі тілегін жеткізді.

— Әскери ант — әр азаматтың өміріндегі жауапты сәт. Бүгіннен бастап сіздер Отан қорғаушысы атандыңыздар. Қызметтеріңізде ерлік, адалдық пен абырой серік болсын, — деді ол.

Әскери антқа дейін сарбаздар 40 күн бойы оқу-жаттығу пункттерінде дайындықтан өтті. Оларға қарумен жұмыс істеу, жақын ұрыстың тәсілдері, ҚР Қарулы Күштерінің жарғылары, әскери қызмет саласындағы заңнама және әскери қызметшілердің құқықтары үйретілді.

Ант қабылдағаннан кейін жас сарбаздар қоғамдық тәртіпті сақтау және түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызметке кіріседі. Негізгі міндеттері — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және заңды қатаң орындау.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button