BasNews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 160-ҚА ЖУЫҚ АЗАМАТ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫНА НҰСҚАУШЫ РЕТІНДЕ ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛДЫ

Елімізде ауыл шаруашылығы санағы офлайн форматта 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтетін болады. Арнайы мамандар санақты үйме-үй аралау арқылы жүргізетін болады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрқожа Ермекұлы баяндады.

 

“Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің анонимділігіне кепілдік береді. Сондай-ақ, мәліметтер тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын ақпараттық қамтамасыз етудің медиа жоспарына сәйкес елді мекендерде санақ өтетіні жайлы аудиожазбалар таралып, билбордтарда баннерлер ілініп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыс бойынша 159 нұсқаушы осы жұмысқа тартылды. Алдағы уақытта өтелмелі қызмет көрсету шарты бойынша 636 сұхбатшыны жұмысқа тарту қажет. Олардың орташа айлық еңбек ақысы – жүктеме нормасын орындаған жағдайда 185 366 теңге.

Сұхбатшылардың қауіпсіздігі үшін жергілікті полиция қызметкерлері мен медициналық пункттердің жауапты мамандарының байланыс нөмірлері және арнайы ит үркіткіш құралдармен қамтамасыз етіледі”-деп мәлімдеді спикер.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button