«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Ұлытау облысының ауылдық елді мекендерін сапалы интернетпен қамту жұмыстары жалғасуда

Ұлытау облысы, Қазақстан – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ауыл халқын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарлануда.
Жоспарға сәйкес, Қазақстан бойынша 2991 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық желіні тарту жөніндегі Инвестициялық келісім әзірленген. Ұлытау облысында талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары ТОБЖ жүргізілмеген 35 ауылдық елді мекенді қамтиды, оның ішінде:
Жанаарқа ауданы – 20 елді мекен
Жезказган қаласы – 3 елді мекен
Ұлытау ауданы – 12 елді мекен
Бұл елді мекендерде 75 нысанға (мектептер, фельдшерлік пункттер, полиция, авариялық қызметтер, әкімдіктер, қоғамдық орындар) интернет қосылуы жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыстың 14 ауылдық елді мекенінде, шамамен 16 мың адамды қамтитын тұрғын үйлерге дейін ТОБЖ тарту жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде Жанаарқа ауданында – 9, Ұлытау ауданында – 5 елді мекен бар.
2025 жылдың қазан айынан бастап, облыстың тағы 5 ауылдық елді мекені OneWeb спутниктік технологиясы арқылы сапалы интернетке қосылады. Бұл тізімге Ұлытау ауданы бойынша 4 және Жанаарқа ауданы бойынша 1 елді мекен кіреді.
«Қолжетімді интернет» жобасы ауыл тұрғындарының сандық теңдікке қол жеткізуіне, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтерді алу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.