Шығыс Қазақстандағы ұлы сайыс: үстел теннисінің хас шеберлері «Major Cup» турнирі мен Суперлиганың ІІІ турында бақ сынасты

8–10 қыркүйек күндері шығыстың төрінде дүбірлі доданың туы желбіреді. Өңірде үстел теннисінен ашық республикалық «Major Cup» турнирі және Қазақстан Республикасының ашық командалық чемпионатының (Суперлига) ІІІ туры өтті.
Бұл айтулы сынға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген 250-ге жуық спортшы жиналып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс жекелей ерлер санатында, жас пен тәжірибеге шек қойылмастан ұйымдастырылды.
Дүбірлі турнирді Қазақстан үстел теннисі федерациясы, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық үстел теннисі федерациясы бірлесе өткізді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және қаржылай сыйлықтарға ие болды. Ал турнирдің абсолютті чемпионына айрықша мәртебенің белгісі — кубок табысталды.
Шығыс жұрты үшін ерекше қуаныш — Суперлиганың ІІІ турында жерлестеріміздің алтыннан алқа тағынуы еді. Бұл жеңіс өңір спортшыларының әлеуетін айқын көрсетіп, көпшілікке зор мақтаныш сыйлады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш бәсеке тек спорт мерекесі ғана емес, халықаралық байланыстарды бекемдеген, елімізде үстел теннисіне деген қызығушылықтың күн санап артып келе жатқанын дәлелдеген тағылымды шара болды.


