АймақтарҚоғам
Trending

Өскеменде Дүниежүзілік тазалық күні кең көлемде өтті

Өскемен қаласында халықаралық деңгейде танылған экологиялық бастама – World Cleanup Day («Дүниежүзілік тазалық күні») аясында ауқымды акция ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінде өткізіліп келе жатқан бұл шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру және адамдарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақыру.

Акция барысында Өскемен қаласының әр ауданында мектептер мен ұйымдардың, түрлі кәсіпорындардың қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды тазалады. Эковолонтерлер, мемлекеттік құрылымдар мен белсенді тұрғындар үшін негізгі тазалау аймағы ретінде Шмелев Лог аумағы таңдалды. Қаланың орталық көшелері ғана емес, шеткі аудандары, саябақтар, тұрғын үйлердің аулалары, сондай-ақ тұрғындар жиі баратын демалыс орындары қоқыстан арылды. Нәтижесінде ондаған тонна қалдық жиналып, бірнеше стихиялық қоқыс орындары жойылды.

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік тазалық күні аясындағы экологиялық бастамалар облыстың өзге де аудандарында жүзеге асты. Мәселен, Глубокое ауданында орналасқан «Мало-Уба орман шаруашылығы» КММ аумағында 113 мың дана сібір шыршасының көшеті отырғызылды. Бұл шара орманды алқаптарды қалпына келтірумен қатар, өңірдің экожүйесін жақсартуға бағытталды.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша өткен акцияларға шамамен 1000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдар мен кәсіпорын қызметкерлері, мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, экологиялық қозғалыстардың белсенділері мен қала тұрғындары болды.

Экологиялық шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ШҚО әкімдігінің, Өскемен қаласы әкімдігінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, сондай-ақ ШҚО Экология департаментінің қолдауымен өтті. Бұған қоса, түрлі қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалыстары да белсенді атсалысты.

Қатысушылардың айтуынша, бұл шара тек қоқыс жинау емес, қоғамды экологиялық мәдениетке баулудың айқын үлгісі болды. Эколог мамандар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу мен қоқысты дұрыс сұрыптаудың маңыздылығы туралы ақпарат берді.

Жастар үшін бұл акция ерекше мәнге ие болды. Студенттер мен жасөспірімдер табиғатқа жанашырлық танытып қана қоймай, өз қатарластарына үлгі көрсетті. Көптеген жастар әлеуметтік желілерде #WorldCleanupDay және #Өскементазақала хештегтерімен өз әсерлерін бөлісіп, фото және бейнематериалдар жариялады. Бұл онлайн-кеңістікте де экологиялық мәдениетті насихаттауға жол ашты.

Айта кету керек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы акция қорытындысын Қазақстан рекордтар кітабы – «ҚАЭА»-ға енгізу үшін арнайы өтінім берді. Бұл елімізде экологиялық қозғалыстың кеңінен қанат жайып келе жатқанын айғақтайды.

Жалпы алғанда, Дүниежүзілік тазалық күні бүгінде 190-нан астам елді біріктіріп отыр, ал Қазақстан бұл халықаралық бастаманы жыл сайын дәстүрлі түрде қолдап келеді. Өскеменде өткен биылғы шара тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қала тұрғындарының бір күндік еңбегі болашақта таза, жайлы әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қала қалыптастырудың берік алғышартына айналары сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button