ШҚО-да вандалдар жазбаларынан жартастар тазартыла бастады

Шығыс Қазақстан облысында жартастардағы жазулар мен суреттерді өшіруге бағытталған экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл бастама «Вандализмге жол жоқ» жобасы аясында «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты мен тревел-блогер Вячеслав Орловтың бірлесуімен жүзеге асырылуда.
Вячеслав Орлов – «Эверест» балалар мен жасөспірімдер клубының жаттықтырушысы. Ол балалар мен жасөспірімдерге альпинизм және жартасқа өрмелеу бойынша жаттығулар өткізеді. Өзінің кәсіби дағдыларының арқасында Вячеслав көпшілік бара алмайтын қиын аймақтарға көтеріліп, сол жерлердегі көптеген «автографтар» мен суреттерді өшіреді.
Биылғы жазда ол отбасымен бірге Марқакөл және Катонқарағай аудандарында орналасқан жартастардан 78-ге жуық жазуды тазартқан. Қазір жұмыстар Өскемен маңында жүргізілуде. Мұнда белсенділер вандалдар көп жазба қалдырған Старая Согра кентіндегі жартас бетін тазалауды мақсат еткен.
– Волонтерлерге алғысым шексіз, олар көмекке бірден келісті. Жұмысты қызықты ету үшін бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысына өз аумағын, құрал-жабдық пен тазалау заттарын бердік. Кім тез әрі сапалы орындаса – сол команда сыйлық алады. Балаларды биікке шығармаймыз, төменгі бөлікте де жұмыс жеткілікті. Ал жоғары жерлерді мен және жиенім Әділ тазалаймыз, ол да жартасқа өрмелеумен айналысады, – дейді Вячеслав Орлов.
Тазалау жүргізіліп жатқан жартас өңір үшін ерекше маңызға ие – мұнда жыл сайын қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі альпинизм жарыстары өткізіледі. Алайда, оның бетінде «мәңгі естелік» қалдырғысы келгендер жасаған жүзден астам жазу мен сурет бар.
– Бүгінде вандализм тақырыбы өте өзекті. Туған табиғатымыз адамдардың ұқыпсыздығынан ғана емес, көзге түсу, «із қалдыру» ниетінен де зардап шегіп отыр. Біз мұны нақты вандализм деп бағалаймыз. Екінші жыл қатарынан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Жастар рухы» жастар қанаты өңір аумақтарын тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жолы біз тревел-блогер Вячеслав Орловпен күш біріктірдік. Жастар осы істі көріп, ой түйіп, табиғатты қорғаудың маңызын түсінеді деп сенеміз, – деді «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ШҚО төрайымы Қорлан Тұғамбаева.
Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
– Мен достарыммен бірге бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында түрлі сенбіліктерге қатысқанмын, бірақ жартас тазалау – алғашқы тәжірибем. Бұрын мұндай «автографтардың» табиғатты қалай бүлдіретінін ойламаппын. Бізге Вячеслав Орловтың үлгісі үлкен мотивация берді, – деп бөлісті жастар белсендісі Давид Юрков.
Жартастарды тазалау жұмыстары жалғасуда. Ұйымдастырушылар жобаның қатысушылары көрсеткен үлгі облыс тұрғындарының назарын вандализм мәселесіне аударып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттырады деп үміттенеді.