ШҚО-да «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған жаңа үйдің кілттері табысталды

Республика күніне орай Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған екі пәтерлі тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Бағдарлама аудан аумағында бірнеше жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. 2022 жылы тұрғындарға 14 үй, 2023 жылы – 27 үй, ал 2024 жылы тағы 62 жайлы тұрғын үй пайдалануға берілді. Барлық үйлер тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарға берілді.
Биыл ауданның әртүрлі елді мекендерінде тағы 20 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Солардың бірі – Қабанбай ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылында салынып жатқан үй көпбалалы отбасына арналған.
Жаңа үйдің кілттерін жаңа қоныстанушыларға аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев табыстап, ауыл тұрғындарын жайлы баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Президент бастамасы мен облыс басшылығының қолдауының арқасында көптеген ауыл отбасылары өздерінің жеке, жайлы үйлерінде тұру мүмкіндігіне ие болуда. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы ауылды дамыту – бұл нақты әрі қолжетімді мақсат екенін айқын көрсетіп отыр, – деді Ержан Сабырбаев.
Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі болды.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы Шығыс Қазақстанның ауылдық жерлерінде жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға және аз қабатты тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған.