АймақтарҚоғамМәдениет
Trending

ШҚО-да Қарттар күніне орай гала-концерт өтті

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шығыс Қазақстан филармониясының көрермен залында «Өмір жолы – өнеге» атты шығармашылық байқаудың қорытындысына арналған салтанатты мерекелік гала-концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл игі шара қоғамда аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық әлеуетіне назар аударуға бағытталды.

Іс-шараны ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Өскемен қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесе өткізді. Аталған орталықтар жыл бойы егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылық, рухани және мәдени әлеуетін дамытуға ерекше мән беріп келеді.

Гала-концерт барысында облыстың барлық қала-аудандарындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарынан келген қатысушылар сахна төрінде өздерінің өнерлерін паш етті. Көрермен назарына вокалдық нөмірлер, хореографиялық қойылымдар, аспаптық ансамбльдер және әдеби-музыкалық композициялар ұсынылды. Әрбір өнерпаз сахнаға үлкен дайындықпен, жүрек жылуымен шыққаны байқалды.

Филармония фойесінде жергілікті қолөнер шеберлері, суретшілер мен шығармашылық үйірме қатысушыларының туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер қолдан жасалған зергерлік бұйымдарды, кесте өнері үлгілерін, ағаш ою жұмыстарын, кенепке салынған суреттерді тамашалап, авторлармен етене сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бөлім шығармашылық байқаудың мазмұнын байыта түсті.

Салтанатты марапаттау рәсіміне облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков, сондай-ақ ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің директоры Альмира Дюсупова арнайы қатысып, аға буын өкілдеріне арналған ілтипат сөздерін жеткізді. Олар қарттар күнінің қоғамдағы рухани құндылықтарды қайтарудағы рөлін атап өтті.

Нәтижесінде, «Үздік вокал» номинациясында Күршім ауданынан келген Бақытжан Өлмесеков ерекше орындаушылық шеберлігімен көзге түсіп, жеңімпаз атанды. «Үздік ансамбль» номинациясы бойынша Ұлан ауданындағы «Әгугай Ұланым» вокалды ансамблі мен Шемонаиха ауданындағы «Горняк» клубының орыс әні халық хоры үздік деп танылды.

Сонымен қатар, қазылар алқасы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жанындағы қолөнер шеберлерінің еңбектерін, шығармашылық клубтардың өнерін, сахналық мәдениетін және орындаушылық деңгейін жоғары бағалады. Қатысушылардың белсенді өмірлік ұстанымы, шығармашылыққа деген құлшынысы көпшілікке үлгі боларлықтай.

Шара соңында жеңімпаздар мен барлық өнер көрсеткен қатысушыларға Алғыс хаттар, арнайы естелік сыйлықтар және гүл шоқтары табысталды. Концерт жылы, шынайы эмоциялармен, көрерменнің зор ықыласымен аяқталды.

Бұл гала-концерт егде жастағы азаматтардың қоғам өміріне белсене араласып, жаңа достар тауып, таланттарын шыңдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button