Жаңалықтар

Ұлытау облысында Президент Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Бүгін Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңес өтті.

 

Жиынның басты мақсаты – Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды өңір деңгейінде тиімді жүзеге асыру шараларын пысықтау.

 

Кеңес барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Мемлекет басшысының Жолдауы елдің цифрлық трансформациясына, әлеуметтік саясаттың жаңаруына және экономиканы әртараптандыруға бағытталғанын атап өтті.

 

«Президентіміз атап өткендей, әлемдік деңгейде инвестициялар үшін бәсекелестік артып келеді. Сондықтан біз үшін жаңа инвестициялық кезең басталды. Инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап, өңір экономикасын тұрақты дамыту – басты міндетіміз», – деді облыс әкімі.

 

Кеңес отырысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин Ұлытау өңіріндегі инвестициялық ахуал мен жаңа жобалар туралы баяндама жасады.

 

Сонымен қатар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы өңірде цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде Жолдауда белгіленген стратегиялық бағыттардың мән-маңызына тоқталып, өңірлерде жүзеге асырудың нақты тетіктерін атап өтті.

 

«Жасанды интеллект пен цифрландыру – тек технология емес, ол мемлекетті басқарудың, экономиканы дамытудың және халық өмірін жақсартудың жаңа мәдениеті. Бұл үдеріске әр өңірдің белсенді қатысуы өте маңызды», – деді Мәлік Нұржанұлы.

 

Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы Дастан Рыспеков Жолдаудағы міндеттерді орындау – барша мемлекеттік орган мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін айтып, бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.

 

Кеңес қорытындысы бойынша Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button