Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР МЕКТЕП АШЫЛДЫ

▪️Республика күні қарсаңында Түркістан облысы, Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында №5 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа білім ордасы 600 оқушыға арналған. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, елді Республика күнімен құттықтады.

 

📌– Баршаңызды жаңа білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін міне, терең тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленетін Сауран ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 3-ші білім ұясы іске қосылуда. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әрбір оқушының білім алып, жан‑жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» делінген тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асты. Бұл – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Ол үшін Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз! Республика көлемінде «Келешек мектептері» жобасы арқылы 217 мектеп бой көтерсе, соның 29-ы немесе 13% біздің өңірде салынды. Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің 1100-ден астамы немесе 14% Түркістан облысында орналасқан. Облысымызда 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Өңірімізде оқушы саны жыл сайын артып келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

 

▪️Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 гектарды алып жатқан мектептің ауданы – 8 334 шаршы метр. Үш қабатты оқу ордасында 180 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, 3 шеберхана, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған оқу кабинеттері қарастырылған.

 

▪️Шара барысында қонақтар оқу кабинеттерін, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.

 

▪️Сауран ауданында қазіргі таңда 24 мыңнан астам оқушы білім алып жатқан 60-тан аса мектеп жұмыс істейді. Аудандағы демографиялық өсім жыл сайын артып келеді – бұл өз кезегінде жаңа мектептердің салынуын талап етеді.

 

▪️Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында барлығы 29 «Келешек мектебі» салынды. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылынан бері тағы 10 мектеп ашылды. Жыл соңында дейін 6 келешек мектеп ел игілігіне беріледі.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button