2025 жылғы 27 қараша күні Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінің премьерасы өтті

2025 жылғы 27 қараша күні Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінің премьерасы өтті, көрермендер аншлаг жасап, театр залы көрермендерге толы болды. Қоюшы режиссері – «Мәдениет саласының үздігі» Теміржан Жанботаев, қоюшы суретші – Қуат Дүйсенбек.
Ұлттық классиканың сахнадағы жаңа интерпретациясы көрерменді ерекше толқытты. Театр ұжымы бұл қойылымды заманауи режиссерлік тәсілмен ұсынып, ғасырлар бойы жеткен махаббат дастанына жаңа тыныс берді. Режиссер Теміржан Жанботаев поэтикалық мәтіннің рухын сақтай отырып, Ғабит Мүсірепов драматургиясын қазіргі көрерменге түсінікті әрі әсерлі етіп жеткізді.
Сахналық кеңістік ерекше ойластырылған: арқан конструкциялары, жарық пен дыбыстың символикалық шешімдері оқиғаның эмоционалдық өрімін тереңдетіп, әр көріністің мәнін аша білді.
Басты рөлдерді орындаған актерлер:
- Қозы Көрпеш– Жүсіп Мади
- Баян– Қанағат Бейсембек
- Қодар– Думан Әбілтаев
- Қарабай– Еркеш Бәйдешов
- Жантық– Саденов Мади
және басқа да орындаушылар образдардың психологиялық қырларын анық ашып, махаббат пен таңдаудың трагедиялық табиғатын шынайы көрсетті. Әсіресе Қозы мен Баян арасындағы сезім сахналары көрерменге ерекше әсер етті. Баянның әкесі Қарабай бейнесі Еркеш Бәйдешовтің ойында тек бас антагонист ретінде емес, сол дәуірдегі қыз баланы адам деп есептемей, мал-мүлікпен теңдейтін әлеуметтік дәстүрдің мәнін көрсету арқылы айқын ашылды.
Премьера соңында көрермендер шығармашылық құрамға ұзақ шапалақпен алғыстарын білдіріп, спектакльді жоғары бағалады. Қойылым театрдың тұрақты репертуарына енгізілді.
Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театры алдағы уақытта ұлттық мұраның жаңа қырларын ашуды жалғастырып, классикалық шығармаларды қазіргі көрерменге жаңа қырынан ұсыну бағытында жұмысын жүргізе беретін болады.



