Жаңалықтар

26 наурыз күні Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында көктем мезгіліндегі қауіпсіздік мәселелеріне арналған брифинг өтті.

Іс-шараға спикер ретінде Байыров Есен Альмуханбетович – Ұлытау облысы төтенше жағдайлар Департаменті бастығы, полковник қатысты.

Брифинг барысында көктемгі кезеңде су айдындарындағы мұз жамылғысының жұқаруына байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі кеңінен қозғалды. Спикердің айтуынша, қыс мезгілінде мұзбен жабылған өзен-көлдердің қалыңдығы барлық жерде бірдей болмайды. Бұл жағдай азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.

Статистикалық деректерге сәйкес, су айдындарындағы төтенше жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алады. Әсіресе балық аулаушылар, балалар және демалушылар арасында мұндай оқиғалар жиі кездеседі.

Осыған байланысты тұрғындарға мұз үстінде жүру кезінде келесі қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң түрде ескертілді:

• мұздың қалыңдығы кемінде 10–12 см болуы тиіс;

• мұздың түсіне назар аудару қажет (көгілдір мұз – берік, ақ немесе сарғыш – әлсіз);

• өзен ағысы бар, көпір маңы, бұлақтар мен өсімдіктер өсетін жерлерден аулақ болу;

• мұз үстінде жүгірмеу, секірмеу және топ болып жиналмау;

• адамдар арасындағы арақашықтық кемінде 3–5 метр болуы қажет;

• өзіңізбен бірге арқан, таяқ немесе құтқару құралдарын алып жүру ұсынылады.

Сонымен қатар, мұз ойылып суға түскен жағдайда әрекет ету алгоритмі түсіндірілді. Азаматтарға сабыр сақтап, мұз жиегіне тіреліп еңбектеп шығу, ал құтқарушылар келгенге дейін қауіпсіз тәсілдерді қолдану қажеттігі айтылды.

Брифинг барысында Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүргізіп жатқан алдын алу және түсіндіру жұмыстары туралы да мәлімет берілді. Атап айтқанда:

• 18 телеэфирлік сөз сөйлеу ұйымдастырылды;

• 18 мақала жарияланды;

• 12 брифинг өткізілді;

• 33 интерактивті сабақ және 32 ашық сабақ ұйымдастырылды;

• ата-аналар чаттарына 137 ақпараттық материал таратылды;

• 100 мектепте қауіпсіздік бұрыштары жабдықталды;

• су айдындарына 97 тыйым салу белгісі орнатылды.

Кеңгір су қоймасында күнделікті патрульдеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ брифингте 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы баяндалды. Облыс әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, су тасқынының алдын алу бағытында бірқатар ұйымдастырушылық және инженерлік жұмыстар жүргізілген.

Қазіргі таңда 8 елді мекенде су басу қаупі орташа деңгейде бағаланса, 19 елді мекенде қауіп төмендетілген. Жалпы ұзындығы 1600 метр қорғаныс бөгеттері салынған және нығайтылған, 400 метр канал тазартылған, сондай-ақ су өткізу жүйелері жаңғыртылған.

Облыс аумағындағы гидрологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта қардың жаппай еруі байқалғанымен, су деңгейінің күрт көтерілуі тіркелмеген. Мамандардың болжамынша, су тасқынының шарықтау кезеңі 28 наурыз бен 4 сәуір аралығында күтіледі.

Тұрғындарға алдын ала дайындық шараларын қабылдау, төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласу, қауіпсіз жерге көшу және қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.

Қорытындылай келе, қазіргі жағдай тұрақты болғанымен, су тасқыны қаупі толық жойылмаған. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, жағдай тәулік бойы бақылауда.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button