Жаңалықтар

Өскемендегі Ұлттық ұланның әскери бөлімінде күштік құрылымдардың кинологтары тәжірибе алмасты

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің базасында кинолог мамандардың қатысуымен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Аталған іс-шара 27–28 сәуір күндері өткізіліп, оған әскери бөлімдердің кинологтарымен қатар, шекара қызметі мен полиция департаментінің кинологиялық қызмет мамандары да қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – кинологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, қызметтік иттерді қолдану тәжірибесін жетілдіру және түрлі күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды. Бұл бағытта әртүрлі ведомстволар арасындағы тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие.

Іс-шара барысында қатысушыларға теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылып, қызметтік-іздестіру иттерін дайындау мен қолданудың заманауи әдістері көрсетілді. Сонымен қатар, есірткі заттарды іздеу, жарылғыш заттарды анықтау, күдікті заттармен жұмыс істеу және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жаттығулар өткізілді.

Шекара қызметінің кинологтары мемлекеттік шекараны күзету барысында қолданылатын тәжірибелерімен бөліссе, полиция департаментінің мамандары қылмыстың алдын алу мен ашу барысында қызметтік иттерді пайдалану ерекшеліктерін таныстырды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың кәсіби деңгейін арттыруға зор ықпал етті. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде екені атап өтіліп, үздік нәтиже көрсеткен мамандар анықталды.

Аталған оқу-әдістемелік жиын кинолог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, ведомствоаралық ынтымақтастықты дамытуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне оң әсерін тигізді

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button