Жаңалықтар

«ТВОЙ ВЫБОР»: Өскеменде оқушыларға арналған еліміздегі алғашқы интерактивті әлеуметтік жоба бастау алды

Өскемен қаласындағы «Юбилейный» кинотеатры базасында «ТВОЙ ВЫБОР» атты бірегей әлеуметтік жоба бастау алды. Бұл — Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мен «Юбилейный» кинотеатрының бірлесіп жүзеге асырып отырған Республикамыздағы алғашқы интерактивті профилактикалық шоу.

Жобаның алғашқы күніне облыс орталығындағы 500-ден астам оқушы қатысты.

Жоба «Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі» атты бірыңғай ұранмен өтіп, жасөспірімдердің өмірлік берік ұстанымдарын қалыптастыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және қазіргі әлеуметтік қауіп-қатер жағдайында жауапты шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

Іс-шараға қатысушылар алдында ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Тауфиков Рифхат Шафихұлы сөз сөйлеп, әрбір жасөспірімнің өміріндегі саналы таңдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Сіздердің болашақтарыңыз бүгін қабылдайтын шешімдеріңізге байланысты. Зиянды әдеттер мен бөтен адамдардың ықпалына ермей, өз ұстанымдарыңызды сақтап, таңдауларыңыз үшін жауапкершілік ала біліңіздер», — деді ол.

Ресми ашылудан кейін оқушыларға қазақ және орыс тілдерінде интерактивті бағдарлама ұсынылды. Бағдарлама диалог, пікірталас және мотивациялық блоктар элементтерін қамтыды.

Шоу барысында көрермендерге жастардың өмірінде кездесуі мүмкін нақты жағдайларды бейнелейтін қысқаша оқиғалар көрсетілді. Атап айтқанда, қатарластарының қысымы, буллинг, тәуекелді әрекеттер, тәуелді мінез-құлық және өзгенің үмітіне сай болуға ұмтылу тақырыптары қозғалды. Әр сюжеттен кейін залмен бірге талқылау жүргізіліп, жасөспірімдер қабылданған шешімдердің салдарын саралап, олардың өз болашағына әсерін бағалауды үйренді.

Іс-шараның тағы бір маңызды кезеңі полицияның қызметтік техникасының көрмесі болды. Оқушылар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған автокөліктермен және арнайы жабдықтармен танысты.

Бағдарлама соңында қатысушыларға фильм көрсетілді.

«ТВОЙ ВЫБОР» әлеуметтік жобасы 14 маусымға дейін «Юбилейный» кинотеатрында жалғасып, қала оқушыларының кең аудиториясын қамтитын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button