Жаңалықтар

ШҚО-да «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өтуде

Қатонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі басталды. Түркі халықтарының мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге арналған ауқымды шараның алғашқы күні Берел ауылындағы «Патшалар жазығы» тарихи-мәдени кешенінде өтті.

Фестиваль қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың рухына арналған «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» республикалық поэзия кешімен басталды. Жыр кешіне елдің әр өңірінен және шығыстан жиыны 16 ақын қатысады. Кештің жүргізушісі – ақын Қалқаман Сарин.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен бастау алған рухани кеш Ақтан Нұрбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, өскелең ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Фестивальдің екінші күні «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтеді. Бұдан бөлек, құнан, топ, аламан бәйге, жорға жарысы қатысушыларына арналған мандаттық комиссия мен төрешілер алқасының отырысы ұйымдастырылады.

Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі гала-концертпен қорытындыланады. Концерттің басты қонағы – Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген. Бұдан бөлек, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан, Тыва және Қарақалпақстанның танымал өнерпаздары өнер көрсетеді.

Шара түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеп, шығыстың қайталанбас табиғатын алыс-жақыннан келген демалушыларға таныстыру арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыруды көздейді. Үш күнге созылатын әдеби-мәдени шаралар осы мақсатқа негізделген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button