BasNewsҚоғамМәдениет
Trending

Шығыс Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» жобасының жаңа кезеңі басталды

Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 наурыздағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы» Жарлығын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» ұлттық интеллектуалдық жобасының жаңа кезеңі басталды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Жобаның стратегиялық мақсаты – алдағы он жыл ішінде Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосу. Қазіргі таңда халықаралық зерттеулер бойынша қазақстандықтар жылына орта есеппен 2,7 кітап оқиды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 15 кітапқа жуық.

2026 жылы жоба еліміздің барлық 20 өңірін қамтып, 2 миллионнан астам адамды біріктіруді көздейді. Республика бойынша 10 мыңнан астам интеллектуалдық іс-шара, кітап оқу марафондары, кітап алмасу акциялары, буккроссинг және әдеби кездесулер ұйымдастырылады.

Ұлттық жоба бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын спортшы» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші».

Жобаға қатысушыларды SmartNation цифрлық платформасына тіркеу 15 тамыздан басталады. Қатысушылар кітап оқу марафонына қосылып, 15 кітап оқиды, әр шығарма бойынша эссе жазып, онлайн тестілеуден өтеді. Сонымен қатар өңір кітапханаларында әдеби кездесулер, кітап талқылаулары, буккроссинг және басқа да зияткерлік іс-шаралар өткізіледі.

Жоба бұған дейін Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында пилоттық режимде жүзеге асырылып, оқырман марафонына 189 мыңға жуық адам қатысқан болатын. Пилоттық кезең нәтижелері негізінде бастаманы еліміздің барлық өңіріне енгізу туралы шешім қабылданды.

Шығыс Қазақстан облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және қоғамда білімге деген қызығушылықты қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button