Жаңалықтар

Астанада ауқымды республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды

Қазақстан Республикасы Президентінің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында Астана қаласында республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды. Осыған сәйкес елорда әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

 

Құжатқа Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.

 

Осы күзден бастап елордада республикалық марафон аясында әдеби кездесулер, көпшілік оқулары, кітап жобалары, ағартушылық акциялар және басқа да іс-шаралар сериясы басталады.

 

Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманбердінің айтуынша, кітап оқу мәдениетін дамыту – елорда үшін заманауи қоғам қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі.

 

«Астана үшін кітап оқу мәдениетін дамыту – адами капитал мен қаланың зияткерлік әлеуетіне салынған инвестиция. Біз кітапты елорда тұрғындарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға жағдай жасауды көздейміз. «Кітап оқитын ұлт» жобасы түрлі буын өкілдерін білім, ағарту және мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіреді деп сенемін», – деді Талғат Рахманберді.

 

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков республикалық марафон қарсаңында елорданың жобаға қосылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.

 

«Марафонның басталуына небәрі бір ай қалды және дәл осы кезеңде елорданың жобаға қосылғаны өте маңызды. Астана оқыса, бүкіл елге үлгі болады. Қала марафонның көшбасшыларының біріне айналып, мыңдаған адамды кітап әлемін жаңадан тануға шабыттандырады деп сенемін», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

 

Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны қыркүйек айында басталып, Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Оның мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, отандық әдебиетті қолдау және үздіксіз өзін-өзі дамыту мәдениетін қалыптастыру.

 

Жобаның серіктестері қатарында Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, Yandex Qazaqstan және «Яндекс Книги» сервисі бар. Олар бірлесіп кітап оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби жобаларды қолдауға және цифрлық технологиялар арқылы кітапқа қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button