Өскеменде түрмеге торт ішіне екі телефон тығып әкелген ер адам ұсталды

Өскемен қаласындағы №17 түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды кіргізбек болған ер адам ұсталды. Ол жазасын өтеп жатқан танысына екі ұялы телефон жеткізу үшін оларды торттың ішіне жасырып әкелген. Алайда оның бұл әрекеті жүзеге аспады. Ұлттық ұланның сәлем-сауқат бөлмесіндегі бақылаушы қызметкер мен түзеу мекемесі мамандарының қырағылығының арқасында тыйым салынған заттар дер кезінде анықталды.
Сәлемдемені қабылдау барысында кезекші бақылаушы, ефрейтор Азат Жаңабаев торттың салмағынан күмәнді ауырлықты байқап, оны мұқият тексерген.
– Сәлемдеме алып келген азамат торттың ішіне Samsung және LG маркалы екі ұялы телефон мен екі «Altel» SIM-картасын жасырған. Тортты қолыма ұстап көрген кезде салмағында біршама ауырлық барын байқадым. Осыдан кейін жүргізілген тексеру барысында тағамның ішінен тыйым салынған заттар табылды, – дейді кезекші бақылаушы ефрейтор Азат Жаңабаев.
Оқиға бойынша материалдар рәсімделіп, Өскемен қаласының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы 1-бөлігі бойынша құжаттар жинақталып, сотқа жолданды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



