Жаңалықтар

«Мектепке жол» Шығыстағы Ұлттық ұлан 70-ке жуық оқушыға қолдау көрсетті

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясына белсенді қатысып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына қолдау көрсетті. Акция аясында Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқушыларға жаңа оқу жылына қажетті кеңсе тауарлары мен оқу құралдары салынған мектеп сөмкелерін табыс етті. Игі шара әскери бөлімнің клубында ұйымдастырылып, балалардың оқу жылына алаңсыз әрі толыққанды дайындалуына жағдай жасауға бағытталды. Балаларға арналған сыйлықтарды әскери бөлім командирі ата-аналарға табыстап, оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік пен толағай табыс тіледі.

– «Білім инемен құдық қазғандай» дейді халқымыз. Сапалы білім мен саналы тәрбие – ел болашағының берік негізі. Сондықтан өскелең ұрпаққа қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет. Балаларға қамқорлық таныту арқылы біз олардың бүгінгі қажетіне ғана емес, ертеңгі болашағына да үлес қосамыз. Осындай игі бастамалар әскери ұжым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, әлеуметтік мәселелерді шешуге өз септігін тигізеді, – деді 5518 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Аңсар Шәкенов.

Балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен оқу керек-жарақтарын алған ата-аналар әскери қызметшілерге ризашылықтарын білдірді. Айта кетейік, биыл «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері «Мектепке жол» акциясы аясында жетпіске жуық балаға қолдау көрсетті. Оларға мектеп сөмкелері, дәптерлер, кеңсе тауарлары және басқа да оқу құралдары табысталды. Абай және Павлодар облыстарында орналасқан әскери бөлімдер жиырмаға жуық оқушыны мектепке қажетті кеңсе тауарларымен қамтыса, Шығыс Қазақстан облысындағы әскери бөлімдер отызға жуық балаға оқу құралдарын сыйға тартты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл бастама – балаларға қолдау көрсетудің жарқын үлгісі ғана емес, әскери қызметшілердің қоғаммен тығыз байланысын нығайтып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды шара.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button