Жаңалықтар

ҚР ОСК мүшесі Михаил Бортник Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауға дайындық барысымен танысты

2026 жылғы 13-14 тамызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник Шығыс Қазақстан облысына инспекциялық сапармен барып, өңірдегі Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындықтың барысымен танысты. Сапар барысында ОСК мүшесі сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі бағыттарын зерделеп, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының қазіргі жұмысымен танысты.

Инспекциялық сапардың негізгі мақсаты – алдағы сайлауға дайындық деңгейін бағалау, сайлау учаскелерінің ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық тұрғыдан әзірлігін тексеру, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына назар аудару, сондай-ақ сайлаушылардың конституциялық құқықтарын толық әрі қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды пысықтау.

Сапар аясында Михаил Бортник Өскемен және Риддер қалаларындағы бірқатар сайлау учаскелерінде болып, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесті. Кездесулер барысында сайлау науқанының қазіргі кезеңі, атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы іс-шаралар және сайлау күнін ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Сапардың бірінші күні Михаил Бортниктің төрағалығымен арнайы кеңес өтті. Оған облыс басшылығының, прокуратураның, ішкі істер органдарының, төтенше жағдайлар департаментінің, әлеуметтік қорғау саласының және өңірдің басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Кеңес барысында Шығыс Қазақстан облысында сайлауға дайындықтың негізгі бағыттары бойынша ақпарат ұсынылып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың жоспары таныстырылды. Мемлекеттік органдардың сайлау процесіне қатысты өз құзыреті шеңберіндегі міндеттері мен өзара іс-қимыл мәселелеріне де назар аударылды.

ОСК мүшесі сайлау процесін ұйымдастыру кезінде қолданыстағы сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, сайлауды өткізуге дайындық барысында барлық ұйымдастырушылық мәселелер алдын ала пысықталып, сайлау күні азаматтардың дауыс беру құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалуы тиіс.

Михаил Бортник сайлау учаскелерінде дауыс беруге қатысатын барлық азаматтар үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз қол жеткізуі, дауыс беру рәсіміне қатысуы және өз таңдауын еркін білдіруі үшін қажетті жағдайлардың жасалуы маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар ОСК мүшесі сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтардың дауыс беру құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын, отбасының науқас мүшесіне күтім жасауына байланысты үйден шыға алмайтын азаматтар үшін дауыс беруді сайлау учаскесінен тыс жерде ұйымдастыру тәртібін сақтау қажеттігі айтылды.

Бұл ретте шалғайда орналасқан және қатынауы қиын елді мекендерде тұратын азаматтардың да сайлау құқықтарын толық жүзеге асыруына жағдай жасауға баса назар аударылды. Сайлау процесін ұйымдастыру кезінде елді мекендердің орналасуы мен тұрғындардың учаскелерге қолжетімділігі ескеріліп, азаматтардың дауыс беру мүмкіндігін шектейтін жағдайларға жол бермеу қажеттігі атап өтілді.

Кеңес барысында жазғы кезеңнің ерекшеліктері де назардан тыс қалмады. Қазіргі уақытта азаматтардың бір бөлігі еңбек демалысында немесе елді мекеннен тыс жерде болуы мүмкін. Осыған байланысты сайлаушыларға дауыс беру құқығына есептен шығару куәліктерін алу тәртібі туралы ақпарат беру және түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі айтылды.

ОСК мүшесі бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары сайлаушылардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін алдын ала білуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондықтан учаскелік комиссиялар тарапынан азаматтарға қажетті ақпаратты уақытылы әрі түсінікті түрде жеткізу маңызды.

Инспекциялық сапардың келесі күні жұмыс тобы Риддер қаласындағы №125, №129 және №131 сайлау учаскелеріне барды. Мұнда учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің сайлау процесіне дайындығы және сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы қаралды.

Сайлау учаскелеріндегі жұмыс барысында комиссия мүшелерін оқыту мәселесіне ерекше мән берілді. Себебі сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес әрі ұйымдасқан түрде өтуі көп жағдайда учаскелік комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына және өз міндеттерін нақты білуіне байланысты.

№125 сайлау учаскесінің базасында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинар барысында комиссия мүшелеріне сайлау процесінде кездесуі ықтимал практикалық жағдайлар мен нақты кейстер ұсынылып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Оқыту барысында комиссия мүшелері тек теориялық біліммен шектелмей, сайлау күні туындауы мүмкін әртүрлі практикалық мәселелер бойынша өз білімдерін сынады. Мұндай тәсіл комиссия мүшелерінің нақты жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына және сайлау рәсімдерінің талаптарын сақтай отырып жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Семинар соңында комиссия мүшелерінің сайлау заңнамасын білу деңгейі бағаланды. Тестілеу Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қашықтан оқыту және тестілеу жүйесі негізінде өткізілді. Бұл жүйе комиссия мүшелерінің білім деңгейін жүйелі түрде тексеруге және олардың кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған.

Инспекциялық сапар барысында сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы да назарға алынды. Дауыс беру күні қажетті құралдардың, құжаттардың және ұйымдастырушылық материалдардың толық әрі тиісті талаптарға сай дайын болуы сайлау процесінің үздіксіз өтуінің маңызды шарттарының бірі.

Сонымен қатар сайлау комиссияларының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарға қажетті ақпарат беру және сайлау күні туындауы ықтимал мәселелерді жедел шешу тетіктері де талқыланды.

Инспекциялық сапар қорытындысы бойынша Михаил Бортник сайлау комиссияларының кәсіби даярлығын тұрақты әрі жүйелі түрде жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, комиссия мүшелері сайлау заңнамасының талаптарын жақсы меңгеріп қана қоймай, оны іс жүзінде дұрыс қолдана білуі қажет.

Сондай-ақ ОСК мүшесі барлық сайлау учаскелерінің толық дайын болуын қамтамасыз етуге және сайлау процесіне қатысатын мемлекеттік органдар мен комиссиялар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге назар аударды.

Сайлау процесінің барлық кезеңінде заң талаптарын сақтау, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және ашықтық қағидаттарын ұстану негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс. Әрбір сайлаушының өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдай қалыптастыру – сайлауды ұйымдастырудың басты міндеттерінің бірі.

Шығыс Қазақстан облысындағы инспекциялық сапар барысында көтерілген мәселелер өңірдің алдағы сайлауға дайындығын кешенді түрде пысықтауға бағытталды. Комиссия мүшелерін оқыту, сайлау учаскелерін дайындау, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында барлығы 534 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесін ұйымдастыруға 3 692 комиссия мүшесі жұмылдырылған. Бұл ретте сайлауды сапалы өткізу үшін комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыруға, учаскелердің әзірлігін қамтамасыз етуге және сайлаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button