Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛОРДАДА «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР АПТАЛЫҒЫ БАСТАУ АЛДЫ

Қызылордада Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті.

 

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.

 

Жиынның ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның 10 өңірінен келген 100 волонтер және облыстағы 500-ден астам белсенді студенттер мен ерікті жастар қатысты.

 

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысушыларды «GREEN ARAL» халықаралық волонтерлер апталығының ашылуымен құттықтап, волонтерліктің ел өміріндегі маңызына тоқталды.

 

«Бүгінгі басқосудың Сыр өңірінде өтуі және апталықтың «GREEN ARAL» деп аталуы айрықша мәнге ие. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және Арал өңірінің тағдырына деген ортақ жауапкершілікті сезінуге үндейтін маңызды бастама. Арал мәселесі – еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарындағы өзекті тақырып. Табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық түйткілдердің шешіміне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Сыр еліне келген сапарларыңыз сәтті, жүздесулеріңіз мазмұнды, бастамаларыңыз нәтижелі болсын!», – деді Данияр Еренғалиұлы.

 

Сондай-ақ, аймақтағы волонтерлік қозғалыстың өркендеуіне үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

 

Шара аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова сөз сөйлеп, волонтерлер бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтті.

Ал, «Ұлттық волонтерлік желі» төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Вера Ким Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

 

Апталық жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бағдарлама барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларын таныстырады. Бұдан бөлек, олар қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырады. Негізгі іс-шаралар Қызылорда облысының Арал ауданында өтеді.

Апталық аясында белсенді жастардың тәжірибе алмасу және бір-бірімен байланысын нығайту мақсатында «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слеті де өтті.

 

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға жол ашады.

 

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button