ШҚО-да спорт залы мен мектепке дейінгі шағын орталығы бар жаңа мектеп ашылды

Республика күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Қыстау-Күршім ауылында 50 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Заманауи ғимарат жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып, апатты жағдайға жеткен ескі мектептің орнына салынды. Енді ауыл балаларына жабдықталған оқу кабинеттері, зертханалар, спорт залы және мектепке дейінгі шағын орталық қызмет көрсетеді.
Бұрынғы мектеп 1974 жылы салынып, 1975 жылы пайдалануға берілген. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған ғимарат әбден тозып, жеке спорт залының болмауы дене шынықтыру сабақтарын өткізу мүмкіндігін шектеген.
Жаңа мектепте бір ауысымда білім алуға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда оқу кабинеттері, зертханалар, акт залы, асхана және кітапхана бар. Ғимарат интернет желісіне қосылып, электрмен жылыту жүйесі орнатылған, мектеп аумағы абаттандырылған.
Салтанатты ашылу рәсімінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы мектепке робототехника кабинетін жабдықтауға арналған сертификат табыстады.
Ауыл тұрғындары үшін тағы бір маңызды жаңалық – мектеп жанынан мектепке дейінгі шағын орталықтың ашылуы. Бұған дейін ауылда балабақша болмаған. Қазір шағын орталыққа алты бала барады.
Бүгінде мектепте 26 қызметкер жұмыс істейді, оның 13-і – педагог. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, мұғалімдерге деген қажеттілік толық қамтамасыз етілген. Мамандарды тарту мақсатында жергілікті кәсіпорынның қолдауымен екі пәтер сатып алынған. Соның нәтижесінде балалары бар екі отбасы ауылға қоныс аударды. Олардың қатарында физика және тарих пәндерінің мұғалімдері бар.
Осылайша, жаңа мектептің ашылуы балалардың білім алу жағдайын жақсартып қана қоймай, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға және ауылға білікті мамандар тартуға мүмкіндік берді. Қыстау-Күршім тұрғындары үшін бұл – ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.



